Біз – жас компаниямыз, толық атауымыз - «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК). Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 наурыздағы №131 қаулысы негізінде құрылдық және 2019 жылғы 23 мамырда заңды тұлға ретінде тіркелдік.
Кәсіпорын 16 «ОблЖолЗертхана» Республикалық мемлекеттік мекемені (РММ) біріктіру арқылы құрылды.
Біздің қызметіміздің мақсаты - жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Егер бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолдарды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды.
Осы мақсатқа жету үшін компания мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарындағы, елді мекендер мен қалалардың көшелеріндегі жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама жасау;
2) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу;
3) жолдарды диагностикалау және аспаптық тексеру;
4) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында автомобиль көлігі инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау;
5) жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерде сынау.
Біздің филиалдарымыз еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан.