Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы құрылған мамыр айынан, 2019 жылдың соңына дейін еліміздің жолдарына 13 мыңға жуық тексеру жүргізіліп, 5 мыңнан астам заң бұзушылықтың орын алғаны анықталды.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы бас директор З.Сағынов, зертхана қызметкерлері, қоғам өкілдері мен журналистердің қатысуымен баспасөз турларын (Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысы) өткізген болатын.
Мысалы, 2019 жылғы тамыз айында Ақмола облысы Қосшы ауылына апарар күрежол мен Сүйінбай және Тұран көшелері тексерілді. Рейдтерге қоғам өкілдері, республикалық арнайы мониторинг тобы мен БАҚ өкілдері қатысқан.
Ал, Шығыс Қазақстан облысында Ново-Ахмирово ауылына апарар жол тексерілді. Аталған нысандар бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, ескерту жұмыстары жүргізілген.
Қазан-қараша айларында Павлодар және Қызылорда облыстарының жолдары тексерілді. Павлодар облысындағы рейд барысында облыстық маңызы бар «Майқайың – Екібастұз» жолы, ал, Қызылорда облысында «Жалағаш – Жосалы» жолы тексерілген болатын. Аталған нысандар бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, ескерту жасалды.
Баспасөз турларының нәтижесі бойынша, Орталық Автомобиль жолдары комитеті мен өзге де тиісті органдарға заң бұзушылықтар жайлы материалдар жолданған болатын. Аталған рейдтер жайлы мәлімет республикалық және жергілікті телеарналар арқылы көрсетіліп, газеттер мен ақпарат агенттіктерінде әртүрлі көлемде материалдар жарияланды.